Ата жолы сайтына қош келдіңіз!
www.tor.kz
Мазмұны |
Абдулла қажы: "Әруақтар - Алланың әскері"
14 August 2010
Дін саласында көп жыл бойы еңбек етіп келе жатқан ғалым Абдулла Жолдасты танымайтын қазақ жоқ шығар. Бүгінде Алматыда тұрып жатқан ғалымның Шымкентке келгенін естіп, қаладағы бірқатар қалталы азаматтар көпшілікке арнайы дастархан жайып, ол кісімен арнайы сұқбат ұйымдастырған болатын. Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған салиқалы әңгіменің үзіндісін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Аға, кейбір мұсылман бауырларымыз ұлт туралы сөз қозғағысы келмейді. Тіпті салт-дәстүр мен өнерімізді де жоққа шығарғысы келетіндер бар. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Ұлт деген не? Құранда Хұжрат сүресінде: «Бір-бірлеріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әр түрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік», – дейді Алла-тағала. Бәрі бір түрлі болса қызық болмайды ғой. Ұлтты Алланың өзі мойындаған. Алланың жаратқан ұлтын қолдан жойып отырсақ, біз кім болғанымыз?
Кеңес дәуірінде 93 ұлт жойылған. Қазір де жалғасуда. Ал салафилер мен уахаббилер ұлтты жоюға көмектесіп жатыр. Ұлттың салт-дәстүрі, салт-санасы оларға керек емес. Бұл – оларға қазақ керек емес деген сөз. Онда не болды? Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі керек болмаса, біз кім боламыз? Қазір халықаралық деңгейде тілі, дәстүрі және тарихы болса ұлт ретінде мойындалады. Бұларың болмаса, ұлт емессің.
Тіпті домбыраны да харам дейтіндерді көрдік. Мен бір жұмада домбыраны харамға шығарған сопыларға: «Домбыраның киесі сендерді ұрады», – деп қатты айттым. Домбыра ешқашан харам емес. Ол – Құдайдың қазаққа сыйлаған сыйы.
Жалпы, домбыра қашан харам болады? Құдайға, Мұхаммедке, Құранға, Ислам шариғатына қарсы шығып, оларды жоққа шығарса ғана харам болады. Ал біздің домбырамызда не харам бар? Онда жылап отырып тыңдайтын тәрбиелік нәрселер бар ғой. Терме, күй тыңдау күнә емес. Мен өзім компьютеріме термелер мен күйлерді енгізіп, бір мезгіл тыңдап отырамын. Харам мен халалға қатысты тарихта болған бір мысалды айтайын.
Бірде бір қой мен ит шатасады. Содан қой қозылайды. Ал енді осы мал харам ба, әлде халал ма? Ғалымдардың арасында талас туады. Былайша қарасаң, иттен пайда болған малды жеуге аузың бармайды. Бұл қарны тоқ адамның көзқарасы. Ал аш адам не істейді? Оны харам деп ойламай-ақ сойып, бір жеп алып, қарнын тойғызғысы келеді. Сонда Ислам ғұламалары ит пен қойдан пайда болған малдың алдына жоңышқа мен етті қатар қояды. Жоңышқа – қойдың сүйікті асы, ал ет – иттің сүйікті тамағы. Әлгі дүбәра мал етке мүлде қарамай, жоңышқаны жеген қой. Сонда ғұламалар: «Бұл – нағыз мал. Жеуге халал», – деп пәтуа шығарады.
Міне, әр нәрсенің себебін біліп барып, пікір-көзқарас айтқан жөн-ақ. Байыбына бармай: «Мынау болмайды, анау болмайды» десе, кім болғанымыз сонда?
– Дұға-батадан кейін бет сипау туралы не айтасыз?
– Бет сипау туралы пайғамабардың хадисі бар. Онда: «Аллаға дұға етіңіздер! Алақандарыңыз бен беттеріңізді онымен бірге сипаңыздар», – делінеді. Бұл бізге, сізге дәлел анық емес пе? Яғни дұға-батадан кейін бет сипау керек.
– Кейбір мешіт имамдары әруақ жоқ деп жатады. Сіздің бұл туралы пікіріңіз қандай?
– Біз әруақ сыйлайтын халықпыз. Әруақты аяқ асты етуге Құдайдан әмір жоқ, сыйлауға бұйрық бар. Тек соны өз дәрежесінде түсінуге кейбіреулердің ақылы жетпейді. Салафилер, уахаббилер әруақ жоқ деп байбалам салады. Әруақ – рух сөзінің көпше түрі, «жандар» деген мағынаны береді. Бірақ әруақ мұнымен ғана шектелмейді, мәселе тереңде жатыр. Пайғамбар өз хадисінде: «Әруақтар – Алланың қызметке шақырған әскері», – деген. Мұны сіздер жақсы түсінулеріңіз керек деп ойлаймын.
Менің Арыста нағашым тұратын. Сол кісі теміржолда істейтін. Жұмыстан келе жатқанда алдынан бір жынды шығады. Ол күллі Арысқа әйгілі жынды еді. Нағашым жындының қолындағы қайрап тұрған үлкен қанжарын көреді.
«Менің жолым соның алдынан өтеді. Басқа жол жоқ. Енді қашып береке таппайсың. Жаяуды былай қойғанда, мені атты адам да құтқара алмайтын еді. Ол жан адамға әл бермейтін әйгілі жынды болатын. Мен: «Тағдырым жеткен екен ғой» деп ойладым. Сосын: «Е, жаратқан Алла, өзің қолда, қорған бол. Мен біткен екенмін», – деп Құдайға сиынып әлгі жындыға қарай жүре бердім. Ақырын ілбіп келемін. Бір кезде тоқтап, әлгі жындыға қарасам, жынды маған: «Өт, иттің баласы, тезірек өтіп кет! Әбдіманғаз менің екі қолымды тас қылып ұстап тұр», – деп айқайға басты. Әбдіманғаз – оның марқұм атасы, яғни менің нағашы атам. Қасынан өтіп бара жатқанда көзім жындыға түсті. Сөйтсем жынды бозарып, сіресіп қатып қалыпты. Тек көзі мен аузы ғана жыбырлайды. Әйтеуір, бір ғайыптың күшімен атақты жындының қасынан аман-есен өтіп кеттім».
Тағы бір оқиғаны айтып берейін. Наманганда бір үлкен ғұлама кісі түрмеге түседі. Түрмеде бір милиция: «Ей, шал, анау күректі ал да, мына жерді қазып қой», – деп бұйыра сөйлеп, шалға өктемтік танытады. Өмір бақи «сен» деген дөрекі сөзді естімеген адам аңырып тұрып қалады. Ал милиция болса одан бетер тілін безейді. Содан қаны басына шақан шал әлгінің алқымынан ала түскен екен. Қасындағы адамдар ажыратпағанда, сол екпінмен әлгі милицияны буындырып өлтіріп қояды екен.
Содан ғалымды Әндіжандағы алты қабатты атақты түрмеге апарып, соның битке талататын бөлмесіне қамайды. Әлгі кісі камераға кірсе, іші толған бит екен. Ал биттер қаптап келе жатады. «Ой, шіркіндер-ай, сендер бар екенсіңдер ғой. Жарайды, мен сендерді өлтіріп неғылайын», – деп намазын оқып, Құранын парақтап, Аллаға сиынып отыра береді.
Арада үш күн өткенде түрменің бастығы ғалым жатқан камераға келіп, шалдың тірі екенін көріп таң қалады. Бұған дейін бұл камерадан тірі жан аман шықпаған еді. Сосын шалды алып шығып, жуындырып, тамағын береді. Түрме бастығы оған құрмет көрсетеді. Бұған ғалым да аң-таң болып, олардың әрекетіне түк түсінбейді. Тамақтан кейін түрме бастығы: «Бізді кешіріңіз, пенделік жасадық. Алайда, сіз қылқындырған қызметкеріміз бізге шал мені ұрды деп шағымданды», – дейді. Сөйтеді де сол милицияны шақырады. Қараса, расында милицияның бетінде қолдың ізі түскен екен. Адамға көрінетін беті қалмаған. Ғалым: «Мен битханада жатып, қалай оған қол жұмсай аламын», – дейді. Түрме бастығы да, әлгі милиция да таң-тамаша болады.
Милицияға көрінген әруақ қой. Басқа не болсын? Ғалым камерада қамалып жатса, оны қалай ұрады? Сосын түрме бастығы ғұламаны құрметтеп, Ташкенттегі Зәңгі ата абақтысына ауыстырады. Мұндай жағдайлар өмірде көп болған.
– Сіздің басыңыздан өткен бе?
– Әкем 8 айлығымда дүние салды. Оның алдында анам төркініне бір келгенінде атам оны әкеме қайтып жібермей қояды. Әкемнің жолдасы әрі сол елге күйеу бала болатын бір ағамыз: «Баламды бір көрейін» деп баланың әкесі сәлемдеме жіберді. Анасы мен баланы жіберіңіз», – деп өтініш айтады. Сосын атам ол кісіге анам мен мені қосып, ауылына жібереді. Орта жолға жеткенде кеш те болды. Қар жауған. Айналаның бәрі қамыс-қопа еді. Жұрт ол жерден Құдайдың күндізінде өтуге қорқады. Содан жолаушылар сапарды ертең жалғастырамыз деп бір жайлы жерге аялдайды. Сол кезде әкем марқұм қысылып жатқан екен ғой. Ағам: «Біз әкеңнің: «Бейшаралар есіктің алдына жете алмай қиналды ғой», – деп айтқан сөзін естідік», – деген еді.
Ертеңіне ауылға келсек, әкем жүріп кеткен екен. Бұл сөзді айтқан, әрине, әкемнің әруағы да.
Міне, осының бәрі біздің ақылымыз жете бермейтін тылсым жағдайлар екенін түсінуге болады. Өмірде мұндай жағдайлар көп. Әруақтар Алланың әскері болмаса, хабарды кім жеткізеді?
– Кейбір кісілердің қорғаушы періштелері бар деп жатады. Сол сөз қаншалықты рас?
– Түркістанда Икрам ишан деген кісі болған. Ол алты жасында «Бала ишан» атанған. Ол қалай ишан болды?
Бала әкесіз жетім еді, анасы жастай жесір қалған. Бір күні бауына су әкелуге анасы баласын жұмсайды. Ауылдың алты жасар баласы су айдауды біледі. Бірақ жарты жолда үлкен бір кісі баланы жетім әрі жас екенін пайдаланып, ұрып-соғып, айдап келе жатқан суын тартып алады. Сөйтіп ол баланы жылатып қоя береді. Бала анасына: «Бір кісі ұрды», – деп жылап шағым айтып келеді. Жесір әйелдің қолынан жылаудан басқа не келсін, анасы баласын құшақтап бірге жылайды.
Олар осылайша жылап отырғанда баланың марқұм аталарының әруағы баланы ұрған әлгі кісіге кәдімгідей көрінеді. Олар кісіні тапа-тал түсте ұрып-соғып, аттың бауырына салып, шаңға аунатып кетеді. Әбден таяқ жеген әлгі кісі үйіне келіп әйеліне: «Ойбай, мені Құдай ұрды. Ағайын-туыстарды тезірек шақыр», – деп еңірейді. Әйелі күйеуінің үсті-басы адам қарауға ұялатынын көріп, туыстарына хабар береді. Ағайын-туыстары жиналған соң әлгі кісі: «Мені әруақ атты. Пәленшенің баласына зорлық қылып арықтағы суды тартып алған едім. Пәленше-түгенше шалдар, ишандар келіп, аттың бауырына салып, мені әбден сабап кетті», – деп зар илейді. Сосын ол мойына ала арқан салып, айыбын жетектеп, әлгі жетім мен жесірдің аяғына жығылып, кешірім сұраған.
Міне, алты жасар бала осылай ишан болады. Жұрт оны содан кейін «Икрам ишан» немесе «Бала ишан» деп атаған. Құдай зәбір көрген кісіге осылай қорған болады.
– Сіз палшы-тәуіптерге барасыз ба?
– Мен палшыларға бармаймын. Маған олар неменеге керек? Мейлі, олар алдында болатын нәрсемді айта қойсын делік, мен сол болатын нәрсеге бірдеңе жасай аламын ба? Болатын нәрсе бәрібір болады ғой. Оған бас қатырудың қажеті қанша? Одан да Аллаға сиын. Оларға барып, тағдырыма болатын нәрсемді тексеремін бе, әлде Құдайды сынаймын ба?
– Дуа деген нәрсе бар ма?
– Дуа бар. Пайғамбарымызды да еврейлер дуалаған. Сосын ол қатты ауырды. Пайғамбар дуадан ауырса, біз оның қасында кімбіз? Дуаландың ба, оны тек дұғамен қайтару керек, оқытылу қажет. Ал оның әр түрлі жолдары бар.
– Сиқыр туралы не айтасыз?
Сиқыр – харам. Бірақ сиқырды білу керек. Жұртты сиқырламасаң да өзің сиқырланудан сақтанғаның жөн.
– Кейбіреулер: «Әруақ көзге көрініп, адамға көмектеседі» деп жатады...
– Иә, қиналған адамдарға Құдай әруақты көрсетеді. Осыған қатысты бір оқиғаны айтайын.
Пойыз жүргізушілері орамалын бұлғап темір жолда тұрған бір жас әйелді көреді. Әйел: «Тоқта!» – деп жан ұшыра айқайлап, пойыз алдына шығып алған. Жүргізушілер: «Бұл неғылған әйел? Неге тоқта деп жатыр?» – деп таңтанады. Олар поезды тоқтатып, жерге түсіп қараса... ешкім жоқ. Бірақ анандай жерде, рельстің үстінде бір сәби жатыр еді. Олар нәрестені алып, полиция бекетіне тапсырады. Содан полиция: «Мынау кімнің баласы?» – деп тексеру жүргізеді. Жүргізушілер болған жайтты түгел айтады. Полициялар: «Көрсеңдер, танисыңдар ма?» – деп бірнеше әйелдің суретін көрсетеді. Сонда олар бір суреттен өздері көрген әйелді таниды. Сөйтсе, ол әйел қайтыс болып кеткен екен. Одан бір бала қалған. Рельсте жатқан сәби сол әйелдің баласы екен.
Әйелі өлген соң, күйеуі басқа әйелге үйленеді. Ал ол әйел баладан құтылу үшін оны рельске әкеліп тастаған екен. Міне, Алла әлгі баланың өмірін сақтап қалу үшін анасының бейнесіне кіргізіп, бір әскер-әруағын жіберген ғой. Әйтпесе, әйел көрден шығып, көмектесті дейсіз бе?
Тәуіп-балгерлердің айтып отырған әруақтары далбаса. Мен айтып отырған әруақ басқа, қиыншылыққа түскен адамдарға Құдай әр түрлі жағдайлармен осылай көмек береді.
– «Жақсы, жаман істеріңді марқұм болған ата-анаң көріп жатады» деген сөз рас па?
– Бұл сөздің жаны бар. Ол туралы хадисте: «Пенденің амалы бейсенбі күні көтеріледі» делінеді. Яғни көтерілген амал алдымен Аллаға барады, сосын «үмбетіңнің жұмысы» деп пайғамбарға көрсетіледі, одан кейін амалың ата-анаңның алдына апарылады. Сонда: «Мынау балаңның істеген жаман амалы», – десе, ата-анаңның жүзі төмен болмай ма?
– Қабірде мал сою, үйді малмен қандау дұрыс па?
– Қандау да, қабір басына мал сою да дұрыс емес. Мұны Имам Әбу Ханифа жек көрген.
– Дұғаның қандай пайдасы бар? Онымен табиғи тылсым құбылыстарды жасауға бола ма?
– Пайғамбарымыз: «Дұғаның болғанына да, болмағанына да пайдасы бар», – деген. Ал дұға өте пайдалы. Дұғамен суды кері ағызып, жаңбыр жаудыру, осы сияқты ғажайып нәрселерді істеу бұрын болған нәрсе. Мен өзім де мұндайды көзіммен көрдім.
Түркістанда 1974-75 жылдары бір кісі біреуді есек қылып мініп алған. Бірақ оны қайта қалпына келтіре алмап еді. Сонда ол бәлені әкесі қайтарған болатын.
Тағы бір өзімізде болған оқиғаны айтайын. Бір ишан базарға барса, бір саудагердің үлкен бір түйені сатып жатқанын көреді. Ол жерден бір уыс топырақ алып, «суф» деп шашып жібергенде әлгі түйе еңгезердей бір жігіт болып шыға келеді. Сөйтсе, әлгі саудагер сол адамды сиқыр-дұғамен түйе етіп, базарға сатуға шығарған екен. Содан саудагер ел-жұрттың алдында масқара болып, алды-артына қарамай қашып кетеді.
Алла кейбір адамдарға осындай рухани күш береді.
– «Түс – түлкінің тезегі» дейді біреулер. Бұған не айтар едіңіз?
– Пайғамбар: «Менен кейін пайғамбар болмайды, бірақ түс болады», – деген. Түс деген хабар-аян ғой. Бірақ түсті пайдалана білу керек. Жаман түс көрсең, «Субханаллаһ» деп жүрек тұсына үш рет түкіру керек. Бұл төбеге келіп тұрған Құдайдың жіберген бәлесі. Аузыңнан шығарсаң, басыңа түседі. Сондықтан жаман түс көрсең, оны ешкімге айтпаған жөн.
Әңгімені жазып алған – Ә. АХМЕТ.
http://islam.com.kz/publ/abdulla_azhy_quot_rua_tar_allany_skeri_quot/16-1-0-406
Пайғамбарымызға (ғ.с.) тіл тигізгендердің тілін қалай тиямыз?!.
14 August 2010
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
жазушы, «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
«Асыл арна» телеарнасының «Болар елдің баласы…» атты танымдық бағдарламасы бойынша «Аллаға серік қосқан адасады» деген тақырыппен көрсетілген бұл хабарының алғаш эфирден өткеніне біршама уақыт болды. Тақырыбы тәп-тәуір болған соң, кезінде уақыт бөліп, ден қойып көргеніміз бар. Масқара…
Дін деген жаратылысынан нәзік, сонымен бірге сабырлылыққа негізделген тылсым әлем. Хабарды ә дегеннен-ақ жүргізуші-журналист Берік Сұлтанов көрермендерді тіксінте бастады. Бұлайша хабарға баға бере сөз өрбітіп отырғаным, кезінде мен де он сегіз жыл «Қазақстан» телеарнасында хабар жүргізгенмін. Сол кезде түкірген түкірігі жерге түспей дүрілдеп тұрған ҚКП Орталық Комитетімен айтыса жүріп, елімізде алғаш рет теледидардан осы діни хабарлардың жүйелі түрде берілуін қалыптастыруға өз үлесімді қосқан едім…
Дін – өзі сұлу әлем болған соң, сөз тізгінін ұстаған насихатшыларының да жүзінен нұры төгілген сыпайы да рухани сұлу адамдар болғанын ұнатады. Мұның нақтылы дәлеліне – намазға имамдыққа он екі мүшесі түгел емес, жүзінен жұрт секем алар адамдарды өткізбейтіндігін келтіруге болады. Бұған қосымша, дін Жаратушының сұлулықпен жаратқан жаратылысына қарсы болғандарды да қаламайды. Адамзат баласы жаратылысында хайуандардан айырмашылығы ақыл, ой, сана қазынасына иелік етумен қатар, үсті-басын сабалақ жүн басқан мақұлық болған емес. Мұрт, сақал дегендер де тумысынан емес, белгілі бір жасқа келгенде ғана ретімен көрініс береді. Мұның өзі түсінген саналы жанға үлкен сабақ болар жайт. Соған сай мұрт, сақалды уақыты келгенде жас ерекшеліктеріне орай сүйкімді етіп қойып жатса, бек жарасады. Біздің атадан мұра болып қалған салт дәстүріміз де осылай емес пе. Cондықтан болар тумай жатып өзін өзі ерте қартайтқан жүргізушінің бет пошымы да ұнай қойған жоқ…
Хабар, бүгінгі күннің ең басты проблемасы деп шешкен болулары керек, Аллаға серік қосу тақырыбына арналыпты. Өте нәзік және сақтықпен, сабырлы сабақтауды қажет ететін тақырып. Ой елегінен өткізе қарасам, басынан аяғына дейін қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен әдет ғұрпын барынша күстаналап, «білгіш пәтуагерлері» ұлттық менталитетімізді «кешірілмес күнәлар» қатарына апарып қосып тастады. Мен білетін бүгінгі Қазақстанда таза діннен дәріс беретін бірде-бір оқу орыны да, соған орай ел мойындаған дін ғұламалары да жоқ. Солай бола тұра, бұлар қайда дайындалған «ғұламалар» ?.. Ой, сабаздар ай, тілі тілдеріне жұқпайды-ау…
Хабар 20 минутқа созылды. Осы аз ғана уақытта хабарға көптеген респонденттер (сауалнама алғандар) мен сарапшылар қатынасты. Қатысушылардың басым бөлігі еліміздегі зайырлы оқу орыны саналатын (?!) әл-Фараби атындағы Қазақ университетінің философия-саясаттану факультетінің студенттері. Сұхбат берушілердің арасында «Нұр Мүбәрәк» университетінің ұстаздары мен шәкірттері де көрініп қалды. Осыған қарағанда хабар үлкен дайындықпен және арнайы тапсырыспен дайындалған сияқты. Хабарды ұйымдастырушылар сауалнамаға жауап берушілерді кездейсоқ көшеде кездескен адамдар ретінде көрсеткісі келгенімен, олардың ойда жоқта қойылған тосын сұрақтарға жауап берудегі «дайындық деңгейі» қазіргі имам болып жүрген кейбір дүмше молдаларымыздан көш ілгері көрінді, әрі кісі таңғаларлық «тұжырымдар» айтты. Сөздерін таразыласаң біздің қоғамымыз тұтастай, әрі тек қана Аллаға серік қосумен, яғни «шірікпен» және сол ортақ қосушылармен (мүшіріктермен) күреске ғана жұмылдырылып отырғандай сезінесің. Мұны айтып отырғаным, сөздерінен жан шошырлық бұл жастар, соңғы кезде айтар әңгімесінің бағытын өзгертіп алған «Асыл арнаның» өздері тәрбиелеп шығарып отырған «өнімдері» екеніне көз жеткізу пәлендей қиынға түспейді. «Шірікпен» күресуге бел шешіп кірісіп кеткен бетімен кеткен бұл жастар, «тауыққа ақыл айтқан жұмыртқадай», тіпті өздерінің кім екенін ажыратудан да қалған сияқты. Өйткені, олардың бірі: «Шірікке» тіке жол бастайтын «қазақтарда көбінесе кездесетін дұға, қабір басына бару, басқа да құлшылықтардың көптеген түрі бар» (ҚазҰУ-нің 3 курс студенті Берекет Қадір) десе, енді біреуі «қазақтардың әруаққа сенуі» деп өзін қазақ секілді «мүшірік» халықтан аулақтатып көрсетуге тырысады. Хабар басында блиц-сауалнамаға жауаптардың бірінде «Асыл арнаның» басты «сырқаты» білініп те қалды. Бір жас жігіт, түсірілген хабар мен оның идеологиясының түп мақсатын жайып салды. Ол; «Алла Тағаланы тек қана аузыңа алып, «Лә Иләһа Илалла, Мұхаммед Расулулла» деп Мұхаммед дегенде пайғамбарымызды аузымызға алып жүрсек, сол Аллаға серік қосу деп ойлаймын» деп соғып жіберді. Бұдан соң «…Расында, Аллаһқа серік қосу – зор зұлымдық». («Лұқман» сұресі,13 аят), «…Кім Аллаһқа ортақ қосса, расында Аллаһ оған Жаннатты харам етеді. Оның орыны – тозақ оты. Сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ». («Мәйда» сүресі, 72 аят) деп жазылған субтитрді берді. Алла сақтасын! Естімегеніміз көп екен. Сонда «Ләә Иләһа Иллаллах, Мұхаммедур Расулуллах» деп немесе қазақшалап «Жалпы ғаламзаттағы барша мадақ пен мақтаулар, алғыс атаулы мен марапаттаулар һәм жер мен көкте жасалған күллі құлшылықтар – осынау жеті қабат әлемді шексіз құдіретімен жоқтан бар етіп, ұлы һәм әсем есімдерінің айнасы еткен, ғаламат арыштың Раббысы –Ұлы Жаратушы Жаббар Иеге тән. Әрі Оның күллі әлемдерге рахым етіп жіберген екі жаһан сардары, жаннаттың гүлзәрі, парасат падишасы, Құдай тағаланың сүйіктісі, әлемді хақ дінімен нұрға бөлеген, ғаламның рахым рухы Мұхаммедке (С.Ғ.) сансыз салауат айтып, сәлем жолдаймыз» деп иманға келгенде айтып жүрген калиме шахадатымыздың не болғаны? Пайғамбар түгілі оның сахабаларына деген сүйіспеншілік пен сағынышымыз ше? Мұндай ыстық ықыластың түп төркіні Ұлы Жаратушы Жаббар Иеге деген ұлы сүйіспеншіліктің көрінісі емес пе?. Сонда «Асыл арналық» идеологтардың Пайғамбарымызға (С.Ғ) мойын ұсынуды тұп тура «шірікке» балауын қалай ұғынамыз?..
Бар мұсылманды өзінің үмбеті санаған Мұхаммед (С.Ғ) пайғамбар – ғаламның рахым нұры. Талдап айтсақ Ғалам – күллі жаратылыс, Рахым – он сегіз мың ғалам иесінің бір сипаты, шексіз мейірімділігінің нышаны, Нұр – Алла тағаланың ара сипатының бірі. Ол әлемдегі ең мейірімді жаратылыс, яғни Алла тағаланың ең таңдаулы сүйіктісі. Бір қауымға ғана емес, бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман пайғамбары. Қияметке дейін. Алла тағаланың өзі оған «Біз сені әлемдерге рахым етіп қана жібердік» деген аят түсірген. Демек, кәміл мұсылмандықтың алғы шарты - жүрекпен бекіткен иманды ақылмен жетілдіру десек, соның ең негізгі жолдарының бірі һәм бірегейі – осы Мұхаммед пайғамбарымызың болмысын тануға ұмтылу емес пе? Оның өшпес өнегесін үмбеттері әрқашанда терең түсіну керек. Мұхаммед – Аллаһтың ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең абзалы, адамзаттың ең жоғары мәртебелісі. Құран Кәрімнің күші қиямет қайымға дейін жетсе, сол нұрды жер әлемге таратқан пайғамбарымыздың есімі де онымен бірге жасайды. Біздің пайғамбарымыз екі дүниеге рахым ету үшін жіберілген…
Діннен аз-кем хабары бар немесе намазхан адам Аллаға деген құлшылық оның жіберген елшісіне иман келтіріп, куәлік бермей, толық болмайтынын білсе керек. «Ағраф» сүресінде Жаратушы егеміз «…рахметім барлық нәрсені сыйдырады. Мархаметімді сондай тақуалық қылғандарға, зекет бергендерге және аяттарымызға сенгендерге жедел жазамыз (156). Олар, сондай жандарындағы Тауратта және Інжілде жазулы жіберілген, сауатсыз пайғамбарға ергендер (Мойын ұсынғандар). Ол, оларды жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды. Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады. Олардың үстеріндегі ауыр жүктерді (түсіріп) шиеленіскен нәрселерді шешеді. Енді соған (Мұхаммед Ғ.С) сенгендер, олар оған құрмет етіп әрі оған көмек көрсеткендер сондай-ақ оған түсірілген нұрға (Құран) ергендер, міне солар құтылушылар» (157) деген. Бұл аятта Жаратушының өзі Пайғамбарымызға табиғ болуды парыз қылып отыр. Ал сол пайғамбарды мойындауды «ширк», Аллаға ортақ қосу деп пайғамбарымызға тілін тигізушілердің тіліне қалай тоқтау салуымыз керек. Осыны айттырып отырған бұл арнадан не «асылдық» күтеміз. Керісінше «Асыл арна» болмай, жамағатты діннен шығаратын кәпір арнаға айналған жоқ па?! Бұл сұмдықты, «пайғамбарға мойынсұнудың өзі ширкке тең» деген қатерлі пікірді «Асыл арна» қапыда аңдаусыз айтып, яки аитқызып отырған жоқ. Асылы, бұл әрекеттің астарында жұрттың құлағын күпірлікке үйрете беру мұраты жатыр. Бұлай деп кесіп пікір айтуымызға да негіз бар. Хабарды мыңдаған көрермендер көрді. Оның үстіне көрсетілген бұл хабар жерден жеті қоян тапқандай бір емес бірнеше рет қайталап көрсетілді. Ол аз болса ДVД диск түрінде мыңдаған тиражбен мақсатты түрде тегін таратылды. Демек, «Асыл арна» біз үшін атына заты сай болмай, керісінше ата дінімізге қарсы жойқын ақпараттық шабуыл бастап отыр. Мұны осылай бағлаудан басқа жол жоқ!
Хабардағы екінші бір бассыздық, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат жасаушыларды көрсете отырып, олардың сол зиярат жасаған кескіндеріне крест қойып, зияратшылардың бұл тірлігін айықпас дерт, кешірілмес күнә етіп көрсетуі. Шындығында бұл көріністі көрсетушілер өз қағынан жеріп, «ширк, бидғат, жиһад» терминдерін жалаң ұғынған, үйретілген тотықұстай шиқылдаған шерменделер. Өздерінің қай шиырды шиырлап, кімнің сойылын соғуын білмей жүрген дүмшелер. Бұған әлем мұсылмандарының Конституциясы немесе өзгертілмейтін Ата Заңы Құран аяттарынан да дәлел келтіруге болады.. Құранда Ислам заңы жалпылама айтылады. Ары қарай әр аятты тереңінен талдап елге түсіндіріп жеткізу, сол елдегі дін ғұламалары мен муфтияттардың жұмысы. «Құжырат» сүресінде «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» (49 аят) деген аят бар.
Бұл әр ұлтты ұлт етіп жаратқан соң, сол ұлтқа ұлттық дәстүр тұрғыдан ойлануға, дінін дамытуға кеңшілік беру ғой. Ұлт болған соң оның қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше өз дәстүр салты болады. Демек, діннің шын жанашырлары мен зиялылары осы тұрғыда Исламға өз жанашырлықтарын білдіруі қажет. Бізге арабтың, түріктің, татардың, өзбектің діни дәстүрі емес, бүгінге дейін мықтап қалыптасқан һәм тамыры тым тереңге кеткен қазақтың діни дәстүрі қажет. Сондықтан біздің әулиелі жерлерге, мешіттерге зияратымыз зиярат күйінде қала береді. Әсіресе, көзіміздің ағы мен қарасындай Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне деген құрметіміз еш уақытта жойылмақ емес. Мына дәлелге назар аударыңызшы. Меккеге бір зиярат жасаған мұсылман сол жерді қайта көргенше неге ынтығып тұрады? Себебі, ол жерде қасиетті Қағба һәм иләһи шуақ бар. Осы қасиетті мекен мен оның таң ғажайып әсерлі күші адамды баурап алып, жүрегіне Алла тағалаға деген жақындық нұрын себе түседі. Қағбаға қараған адам одан Ұлы Жаратушының ұлылығы мен Жаббарлығын әйтеуір бір сезінбей қоймайды. Яғни, Қағба арқылы Хақ тағала өзінің орасан зор ұлылығының ұшқынын шашыратады. Сонда мұсылман сол ұшқынды қайта сезінуге тырысып, Қағбаға баруды көксеп тұрады. Оның Қағбаға деген сағынышы негізінде Алла Тағаланы тағы бір сезінсем екен деген ұлы сағыныштан туындайтыны белгілі. Осы сияқты Қағбаға аяғы жетпеген қазақ бауырларымыз да өзінің Әзірет Сұлтан кесенесіне деген ынта ықыласын жоймақ емес. Бұл алты ғасыр бойы қалыптасқан біздің имани салтымыз.
Сөз соңында айтарымыз, әңгіме «Асыл арнаның» бір ғана хабарынан шығып отыр ғой. Бұл арнадан соңғы кезде дәл осындай дәстүрлі исламға өшпенділікті өрістету, қазақ топырағында «уахабшылдық» діни ағымды орнықтыру бағытында ашық әңгіме көптеп айтыла бастады. Діни фанаттардың бұл қимылына тоқтау салмасы еліміздің ертеңі қорқынышты. Бұған осы арнаға бас көз болып қаржыландырып отырған Байланыс және ақпарат министрлігі мен Мәдениет министрлігіне қарасты Дін істері жөніндегі комитет не дер екен?..
“Жас қазақ үні”
№29 (454), 31.07.2010 – 05.08.2010
Шаңырақтың шаттық тойлары
3 August 2010
Әр шаңырақтың қарапайым, салтанатты түрде атап өтетін мереке, тойлары бар. Олардың кейбіріне көп қонақ шақырылса, кейбіріне ең жақын туған-туыс, көрші-көлем ғана келеді. Той – қуаныш-қызықты бірге бөлісу үшін ағайынның басын қосу, туған-туысты ынтымақ-ырысқа шақыру, өзара қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау. Алайда мал-мүлік шашып, атын шығару үшін көл-көсір той жасау – астамшылық, ысырапқорлық. Тек, Аллаһ Тағала әр шаңырақты «Баласына бір той жасап бере алмай, бұл өмірден өтіп кетті-ау, қанша адам!», - деп ақын жырлаған өкініштен сақтағай!
Шілдехана
Халықтың ескі сенімінде жаңа туған нәрестені жалғыз қалдырса, әртүрлі «жын-шайтан», «перілердің» салқыны соғуы мүмкін. Сондықтан да одан оны қорғау үшін сәби дүниеге келген күні кешкілік ауыл жастары шілдеханаға жиналып, ән айтып, күй тартады. Қыз-келіншектер мен бозбалалар айтысып, жеңгендері тоғызын алып, әртүрлі ойындар өткізіледі. Кейде шілдехана үш күнге созылады. Шілдеханаға жастар жиналады. Оған үлкендер бата беру үшін ғана келеді. Шілдехана тойында жаңа босанған әйел үшін қалжаға сойылған малдың еті ортаға келгенде жөн білетін бір кісі омыртқа-ны қолына алып, оның етінен әйелдердің бәріне ауыз тигіздіртіп, әбден мүжіп, тазартады да, сүйекті тобылғыға тізіп, үй ішіндегі биік жерге іліп қояды. Мұнысы – баланың мойны тез бекісін деген ырым.
Бесік тойы
Жаңа туған баланы бесікке салу – ізгі дәстүр. Қазақ оны тойға ұластырады. Баланы бесікке салу тойына әйелдер шашуларын ала келеді. Жас сәбидің ұйқысы тыныш болуы үшін бесікті адыраспанмен аластайды. Ауылдың, әулеттің жасы үлкен, беделді әйелі бесіктің әбзелде- рін орын-орындарына қойып, аластағаннан кейін «тыштыма» ырымын жасайды. Бесікке бала бөленгеннен кейін үстіне ырымға сәйкес жеті түрлі нәрсе (көрпе, шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы тәрізді) жайылады. Бесікке тон, шапан жабу – ержеткенде халықшыл болсын деген, жүген жабу – тез өсіп, ат үстінде ойнақ салсын деген, кебенек пен қамшы жабу – ел қорғайтын ер болсын деген тілек.
Үй иесі баласын бесікке салған адамға өз ризашылығымен сақина, жүзік, білезік, сырға, мата тәрізді қымбат бұйымдарды сыйлайды. Бесікке салу тойында ән де айтуға, күй де тартуға болады. Бұл тойда да адамдар ет жеп, шай ішіп, әзіл-қалжың айтысып, мәз-мәйрам болып тарқасады. Бесікті адыраспанмен аластағанда былай дейді:
- Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, пәледен қалас.
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас!
Отыз омыртқасынан алас!
Қырық қабырғасынан алас!
Тұсау кесер тойы
Баланы бесікке салу, тұсауын кесу тойына кімдерді, қанша қонақ шақыру керектігін ата-анасының өздері шешеді. Қазақтар шақырусыз келген қонақтарға кет демейді. Бірақ та шақырусыз келген қонақты жақтырмайтын да үй иелері бар. Ыңғайсыз жағдайға қалмау үшін соны да ойлаған жөн.
Бала бесіктен шығып, еңбектеуден өтіп, қаз-қаз жүре бастағанда тұсауын кесіп, тұсау кесер тойы жасалады. Ата-анасы бұл тойға да мал сояды. Немесе мүшесімен ет асады. Дәулетті адамдар көкпар да тартқызып, соңын думанды тойға ұластырады. Жиналған көпшіліктің арасынан жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті адам таңдап алынып, баланың тұсауын кесуді соған тапсырады. Тұсау кесерге арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын (ұрлық, зорлық жасамасын) деген ырымнан, тілектен шыққан. Сол жіппен баланың аяғын тұсап, соны кестіреді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығып, тез-тез жүргізеді. Осы кезде «тұсаукесер» жыры айтылады. Бала алғаш отырғанда, бала алғаш жүргенде, баланың тұсауын кескенде мынандай тілектер айтқан абзал:
Бала алғаш отырғанда:
- Отырсын балам, отырсын,
Құшағын гүлге толтырсын.
Бала алғаш жүргенде:
Жүре қойшы жәй балам.
Қарыс сүйем қаз бастың,
Қадамыңнан айналдым.
Баланың тұсауын кескенде:
Тұсауыңды кесейік.
Ала жіпті алайық,
Әжеңе алып барайық.
Ер жетті деп айтайық,
Шашуын жеп қайтайық.
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Тағы-тағы баса ғой,
Тақымыңды жаз, балам,
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Тілашар тойы
Бүлдіршіннің тілі жеке-жеке сөздерді айтуға икемделе бастағанда ауылдың ділмар, шешен ақсақалдарын шақыртып, баланың тілі тез шықсын деген ниетпен «тілашар тойы» жасалады. Тойда «тілің тез шықсын!» деп, сәбиге қойдың тілін жегізеді. Қойдың ішегімен баланы жорта буындырып тұрып: «Сөйлейсің бе?», - деп, үш рет «сөйлеймін» деген уәдесін алады. Сонан соң ақсақалдар: «Сандуғаштай сайрап кет!», «Жиреншедей шешен бол, Жәнібектей көсем бол!», - деп ақ батасын береді.
Сүндет тойы Ата-анасы сүндет тойын өткізетін сәтті күнді алдынала белгілейді. Сүндет тойға ғана тән өзіндік ерекшелік – тойға қонақтарды баланың өзі шақырады. Бұрындары сүн-дет тойы өткізілерде айшықты тарланбозға мінген сәнді киімді бір бозбала мен құйрығы шарт түйілген жорға мінген сүндет бала ауылды аралап, көпшілікті тойға шақыратын. Сүндет баланың бауырсақ пен кәмпит толтырылған қоржынынан ат басын тіреген үйіндегілер дәм татқан, түсті матаны жыртып, бала мінген жорғаның жалына байлаған. Сәрсенбі күні сүндетке отырғызылған баланың тойына келгендер «сүндет қабыл болсын!», - деп, баланың айналасын жеміс-жидек, тәтті дәмге толтырады, көрімдік береді.
Дәстүрлі үйлену тойы Оның мынандай 8 кезеңі бар: қыз таңдау, қыз айттыру, жаушы жіберу, құда түсу тойы, есік-төр көрсету тойы, ұрын той, қыз ұзату тойы, келін түсіру тойы.
Құда түсу тойында жігіттің туған-туысқандары құдалыққа қыз ауылына барып, қонақасы жеп, бата бұзбауға серттеседі, құйрық-бауыр жесіп, құда-құдағи болады. Есік-төр көрсету тойында қыздың туған-туысқандары жігіт ауылына қарсы тойға барып, құда түсу тойындағыдай кәделерін береді. Ұрын той күйеу баланың қалыңдығымен кездеуіне мүмкіндік туғызу үшін жасалады. Мұнда күйеу баладан: ентікпе, шатыр байғазысы, балдыз көрімдігі, қыз қашар, күйеу қашырар, желі тартар, ит ырылдар, бақан салар, үйге кірер, кемпір өлді, шымылдық ашар, төсек салар, қыз құшақтатар, шаш сипар, көрпе қимылдатар кәделері алынады. Қыз ұзату тойында құда-құдағидан, күйеу баладан: ат байлар, құдай жолы, шаңырақ көтерер, уық шаншар, туырлық жабар, түндік жабар, үзік жабар, бау-шу байлар, отау байғазысы тәрізді кәделер алынып, қыз бен жігіт ақ отауда оңаша кездеседі, некесі қиылады, түрлі ойын-сауық өткізіліп, «Жар-жар» айтылады, қыз аттанарда «сыңсу» айтылып, қыз ұзатылады. Келін түсіруде «Беташар» айтылады, той, негізінен, қыз ұзату тойымен бірдей өткізіледі.
Төсек тойы Келін төсегімен жүкті болғанында оны астыртын бір абысынына жеткізіп, ол енесіне барып хабарлайды. Осы жақсы хабарды естіген ене әйелдердің басын қосып, еркектер араласпайтын төсек тойы деп аталатын ырымды жасап береді.
Қазақтың дәстүрлі төрт тойы Наурыз мейрамы – күн мен түн теңелген кезде, 22 наурызда тойланады. Онда адамдар наурыз көже ішіп, бірін-бірі Наурыз мейрамымен құттықтайды. Сол күні халық бұлақтардың көзін ашып, тал егіп, ізгі істермен айналысады.
Қымызмұрындық – жаз тойы. Ол мамыр айынан бастап маусым айына дейін созылады. Осы кезде биелер желіге байланып, ағайын, туған-туыс, көрші-көлем бірін-бірі қымыз ішуге шақырады. Қымызмұрындықта құран оқылып, мал сойылып, түрлі ойын-сауықтар да өткізіледі.
Мизам (сабан той) – күз айында диқандар мен бағбандардың, жиналған өнімдердің құрметіне арнап өткізілетін той. Сабан тойда түрлі жарыстар, ойын-сауықтар ұйымдастырылады. Соғым басы – қыс тойы. Қар жауып, аяз түсіп, адамдар соғым сойғанында, одан ауыз тиюге көрші-көлемін, туған-туыстарын қонаққа шақырады. Олар: «Со-ғым сүйгін болсын!»,- деп тілек айтады. Қыстың ұзақ түнінде соғым басына жиналған ауыл адамдары терме, қисса, ертегі тыңдап, көңілдерін көтереді.
Діни мерекелер: Ораза айт, Құрбан айт, Мәуліт.
Ораза айт – Фарз Ораза уақытының, Рамазан айының аяқталуының құрметіне мұсылмандар тойлайтын мереке. Ораза айт мейрамы Шәууәл айының бірінші жұлдызында басталып, үш күнге созылады. Мұсылмандар бірін-бірі Ораза айтпен құттықтап, бір-бірінен айттық алады.
Құрбан айт – Зұлхиджа айының 10 күні басталып, 3-4 күнге созылады. Құрбан айт һижра жыл есебінің басы болып саналады. Құрбан айтты мерекелеу бозала таңнан басталады.
Қасиетті Құрбан айтта мүмкіндігі бар мұсылмандар Аллаһ Тағаланың ризашылығы үшін мал сойып, құрбандық шалады. Жағдайы жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет емес. Құрбан айттың алғашқы күні – Қазақстанда демалыс. Мәуліт мерекесі – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың туылған күніне арнап өткізіледі. Мәуліт – Пәкістанның ресми мерекесі. Мәулітте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнап мәуліт оқылады, құранды мәнерлеп оқудан жарыс өткізу тәрізді түрлі діни шаралар ұйымдастырылады.
Туған күн тойлары
Әрбір ата-ана баласының бір жасқа толғанынан бастап, жыл сайын туған күнін атап өтеді. Мұның ішінде баласының ең алғашқы мүшел жасқа (13 жасқа, содан кейінгі мүшел жас оған 12 жылды қосып отыру арқылы анықталады) толып, одан аман-сау өтуі ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Жас сәби ержетіп, азамат болғаннан кейін өз туған күнін өзі өткі-зеді, оған құрбы-құрдастарын шақырады, ата-аналарына да дастархан жайып береді. Туған күннің ішінде 40, 50, 60, 70, 80, 90, 100-ге толу – мерейтой болып саналады. Дәулеті барлар оны үлкен тойға айналдырады. Мерейтойы мүшел жасының алдында келсе, мүшел жастан шыққаннан кейін барып той жасайтындар бар. Өйткені, халық сенімінде мүшел жас әртүрлі ауыртпалықтарға толы.
Отбасылық өмірдің әр жылындағы тойлар
Ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанына, сөйтіп, шаңырақ құрғанына белгілі бір уақыт толғанда атап өтетін тойлары болады. Еуропалықтардың бұл дәстүрінің кейбірі қазақ отбасыларына да тән. Мысалы, отбасының күміс тойын, алтын тойын өткізуі. Біз енді отбасылық өмірдің әр жылындағы тойларға тоқталсақ.
Шыт той - отбасы құрғаннан кейін бір жыл өткен соң атап өтіледі. Бұл күні ерлізайыптылар бір-біріне шыт орамал сыйлайды. Ағаш той – отбасылық өмірдің бесжылдығына орай аталып өтіледі. Бұл күні ерлізайыптылар бір-біріне ағаштан жасалған бұйымдар сыйлайды. Раушан той – онжылдық бас қосу мерекесі. Бұл күні достар қонаққа шақырылады, барлығы қолдарына раушан гүлдерін ұстап билейді. Әйнек той – онбесжылдық той. Бұл күні сыйлық шыныдан істелген бұйымдар бо луы шарт. Әйнек – ерлізайыптылар қарым-қатынасының мөлдірлігінің куәсі болмақ.
Фарфор той – отбасы-лық өмірдегі жиырма жылдан кейін атап өтіледі. Шақырылған меймандарға тағамдар фарфордан жасалған жаңа ыдыстарға салынып тартылады. Күміс той – жиырма бес жылдан кейін аталып өтіледі. Бұл күні некелік алтын сақинаның қасына күміс сақина қосылуы керек. Інжу той – отыз жылдан кейінгі той. Бұл күні күйеуі әйеліне алқа сыйлауы керек, бұл өткен күндердің бәрінің де інжудей тартымды болғанының куәсі болмақ.
Кенеп той – отыз бес жылдан кейін тойланады. Бұл күні кенептен тігілген заттар сыйланып, кенеп дастарқан жайылады.
Лағыл той – қырық жыл өткеннен кейінгі мереке. Бұл күні сыйланған алтын сақинаға махаббат пен жалынның белгісі – лағыл орнатылған болуы шарт.
Алтын той – отбасылық өмірдің елу жылдық торқалы тойы. Мерекелік алтын сақиналар жаңа сақиналармен ауыстырылады. Гауһар той – отасқанына алпыс жыл өткенде тойланады. Мұны атап өту – ендігі жерде бұл некені ешкім бұза алмайды деген ұғымға саяды.
Темір той – ерлізайыптылық өмірдің алпыс бес жылдығында өтеді.
Тас той – мұның бір ерекшелігі, неке қиылғанына алпыс жеті жарым жыл өткенде аталып өтіледі.
Игілікті той – жетпіс жыл өткенде тойланады.
Тәждік той – бұл ең соңғы той болып есептелмек, отбасылық өмірдің жетпіс бес жылы өткенде атап өтіледі.
Той-тойға ұлассын, аға-йын!
Таңғажайып жеті саны Жеті санымен аталатын керемет көп
3 August 2010
Жердің жүзін мекендеген халықтардың көбісі ерте кезден-ақ жеті санында сиқырлық күш бар деп санаса, оны киелі, қасиетті деп ұғатын да ұлттар бар. Біздің ата-бабаларымыз да жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелері мен заң, жүйелерді жеті санымен атайды. Аллаһ Тағаладан пенделеріне түскен қасиетті кітаптардың бірі – Тауратта жеті саны 500 рет қайталанады.
Қазақтардың таным - түсінігінде Жеті ата. Бұл – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасында адамның ата жағынан тегін таратудың нақты жүйесі. Әрбір қазақ баласы өзінен бастап жеті атасының атыжөнін білуге міндетті. Мұны әке-шешесі, ата-әжесі үйретіп, жаттатуға тиіс.
Өйткені қазақта жеті атаға дейін қыз алыспайды, оған дейінгі ұрпақ бір атаның баласы – туыс саналады. Қазақтар негізнен жеті атаны былайша таратады: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Үлкен ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.
Сондай-ақ, адамдар атасынан төмен қарай атағанда былайша ататек жалғасады: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Мұнан соң туыстың атаулар әрі қарай: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Жеті аталық ұста-ным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың бабалар рухы алдында іштей жауапкершілік сезімін оятатын күшке ие.
Ол – этникалық тұтастықтың қуатты арқауы, темірқазығы. Сол себепті ата-бабаларымыз: «Жеті атасын білмеген: жетесіз», «Ата – тегін айтқанның айыбы жоқ» деп ұрпақтарына жеті атасын білуді өсиет, аманат етіп айтып кеткен. Қазақтар бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежатты «Жеті пұсты» деп те атайды.
Жеті қазына. Ол жөнінде пікір таласы көп. Алайда қазақтар ертеде жеті қазынаға мыналарды жатқызған: 1. Ер жігіт. 2. Сұлу әйел. 3. Ілім-білім. 4. Жүйрік ат. 5. Құмай тазы. 6. Қыран бүркіт. 7. Берен мылтық.
Қазақтар жеті қазынаны «жеті ырыс» деп танып, оған мыналарды жатқызған: 1. Адамның ақыл-ойы, санасы. 2. Денсаулық. 3. Ақ жаулық (ердің жары). 4. Бала (өмір жалғасы). 5. Көңіл (көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ, береке орнайды). 6. Жер («Жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл»). 7. Ит.
Ал, Ислам аңызы бойынша, жеті қазынаға мыналар жатады: 1. Қыдыр (қызыр). Қыдыр дарыған адам бай болады. 2. Бақ. Ол ерекше жаратыл- ған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. 3. Ақыл (Байлық пен бақыттың тірегі). 4. Денсаулық. 5. Ақ жаулық. 6. Тұз (Ол – Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені). 7. Ит. (Адам Ата мен Хауа Ананың алғашқы серігі).
Қазақтардан басқа халық-тарда да жеті қазына туралы өзіндік таным, түсінік бар. Мысалы, грек аңыз - әңгімелерінде жеті қазына- ға мыналар жатады: 1. Көк аспан. 2. Күн (барлық зат оның шуағынан нәр алады). 3. Ай (түнгі тіршлік нәрі). 4. От (От – Күннің жердегі сүлдесі. Оны пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады). 5. Су. (сусыз тіршілік жоқ). 6. Жер (тіршілік анасы). 7. Ит.
Жеті қат көк. Ол – аспан әлемі туралы мифологиялық түсінік. Оның үш мағыналық сипаты бар. Біріншісі: Аллаһ Тағала аспанды жеті қабат-ты етіп жаратқан. «Алланың жеті аспанды қабат-қабат етіп жаратқанын көрмедіңдер ме?» (Құран Кәрім, 72 сүре, 14 аят). Екіншісі: жеті жұлдызға бай-ланысты атау. Олар: Ай, Мер- курий (Ғұтрад), Шолпан (Зуһ-ра), Күн, Марс (Миррих немесе Қызыл жұлдыз), Юпитер (Мүштари), Сатурн (Зұхал). Үшіншісі: ежелгі түркілік ми-фологиялық түсінік негізіндегі мағына. Ол мұсылмандық ұғыммен сіңісіп, ұмытылып кеткен.
Жеті қат жер. Ежелгі наным-сенім бойынша олар мынандай: 1. Тұңғиық. 2. Жылан. 3. Су. 4. Қос балық. 5. Қара тас. 6. Көк өгіз. 7. Жер. Жаратылыстың сегізінші қбаты – тағдырдың талайы жа-зылған «лайық» атты жазу тақ-тасынан, тоғызыншы қабаты – «күрсі», «мінбер» және «тақ» орнатылған тә-ңірлер әлемінен тұрады.
Жетіқарақшы. Ол – ас-панның солтүстік жарты ша-рындағы шоқжұлдыз. Оның 1,8 көрінерлік жұлдыздық ша-маға дейін жалтырап көріне- тін ең жарық жұлдыздары – Алиот пен Дубке. Жетіқарақ-шының жарық жеті жұлды- зының сыртқы пішіні шөміш тәрізді. Оның шеткі екі жұл- дызы бойынша Темірқазық жұлдызын табуға болады.
Жетіқарақшы наурыз, сәуір айларында жақсы көрінеді. Темірқазықты айнала қозға-латын жетіқарақшы арқылы жер тараптары мен түнгі мезгілді айыруға болады.
Аптаның жеті күні. Олар: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі. Кемпірқосақтың жеті тү- сі. Жарық мынандай жеті түстен тұрады: қызыл, қыз-ғылт-сары, сары, жасыл, кө-гілдір, көк және күлгін. Күн сәулесі жаңбыр тамшысына түскенде, жарықтың жеті түсі сынып, тамшы арасынан кө- рініп, кемпірқосақ пайда болады.
Жеті жарғы. Ол – Тәуке хан (1678-1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы осынау заң жүйесін өмірге әкелген. Ол 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді. «Жеті жарғы» деп аталуы Тәуке ханның бұрынғы заңдарға енгізген жеті өзгертуіне байла-нысты» дейтін тұжырым бар. Ол жеті өзгеріс мынандай:
1. «Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін».
2. «Төрелер мен қожалар-дың жай қатардағы біреуі өл-се, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін».
3. «Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан, біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе, тек ат-тон айып тартады».
4. «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады».
5. «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойынына құрым іліп, ауылды айналдыру керек».
6. «Құйрық – бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі».
7. «Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа, атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».
Әрине, бұл жеті өзгеріс-тен басқа да «Жеті жарғыда» жер дауы, отбасы, неке заңы, қылмыс пен құн дауы, куәлік ету, ант беру, тонаушылық және тағы да басқа жағдай-ларға, рәсімдерге байланыс-ты әдет-ғұрып, заң шаралары өз көрінісін тапқан. Жеті жұт. Бұлар: 1. Құр- ғақшылық. 2. Жұт (мал қы-рылу). 3. Өрт. 4. Оба (ауру). 5. Соғыс. 6. Топан су. 7. Зіл-зала (жер сілкіну).
Жеті жоқ. Ол былай: 1. Жерде өлшеу жоқ. 2. Ас-панда тіреуіш жоқ. 3. Таста тамыр жоқ. 4. Тасбақада талақ жоқ. 5. Аллаһта бауыр жоқ. 6. Аққуда сүт жоқ. 7. Жылқы-да өт жоқ.
Жеті жетім. Бұл жөнін- де мынандай даналық сөздер бар: Тыңдамаған сөз жетім, Киюсіз тозған бөз жетім. Иесіз қалған жер жетім. Басшысы жоқ ел жетім. Аққу, қазсыз көл жетім. Жерінен айырылған ер жетім. Замандасы қалмаса – Бәрінен де сол жетім.
Жеті ғашық. Халықтың ән – жырында жеті ғашық мынандай екі нұсқада кездеседі: а) Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Фархад – Шырын, Тахир – Зухра, Арзу – Қамбар, Уәлик – Ғарра, Уәки – Күлшаһ. ә) Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Фархад – Шырын, Баһрам – Күләнда, Сейпілмәлік – Бәдіғұл, Бозжігіт – Анула (кей нұсқада Қарашаш), Зияда – Хорлы (Хорлы - Ғайын).
Әлемдегі жеті санымен аталатын кереметтер Вавилондықтардың түсінігінше, әлемде жеті планета бар. Сол себепті олардың ғибадатханалары да жеті деңгейлі. Бірқатар діндерде де жеті саны киелі: еврейлердің балауыз қойғышы, шырағдандары, менорлары жетіден.
Ислам дінінде Жеті аспан: күміс, алтын, меруерт, ақ алтын, жақұт, анартас және ғажайып жарық. Жеті шәріп: Мекке шәріп, Мәдина шәріп, Бұхар шәріп, Шам шәріп, Қатым шәріп, Құд-дыс (Мысыр) шәріп, Кәләм шәріп (Құран). Жеті тозақ: 1. Сағир. 2. Ла- зо. 3. Сақар. 4. Жахим. 5. Жа-һаннам. 6. Хауия. 7. Хатома.
Христиан дінінде Жеті саны: сенім, үміт, қайырымдылық, әділеттілік, сабырлық, ақылдылық және рухтың күші.
Таурат кітабы бойынша: Құдай 1 – күні жарықты, 2 – күні аспанды, 3 – күні жерді, 4 – күні Күн, Ай және жұлдыздарды, 5 – күні балықтар мен құстарды, 6 - күні аңдар мен адамдарды жаратқан, 7 – күні дем алған. Бұл әлемді жаратуға арналған жеті күн деп аталады.
Өлімге себепкер жеті күнә: 1. Тамақсаулық. 2. Жалқаулық. 3. Нәпсіқұмар- лық. 4. Өркөкіректік. 5. Ашу. 6. Қызғаншақтық. 7. Сараңдық. Бұл жеті күнәні XV ғасырда суретші Иероним жоғарыдағы суретте тамаша бейнелеген.
Әлемнің жеті кереметі Алғашқы жеті керемет: 1. Египет пирамидасы. 2. Вавилон- ның аспалы бағы. 3. Ертедегі Артемида храмы. 4. Олим- пиядағы Зевстің мүсіні. 5. Га- ликарнастағы Мавсол патша- ның табытханасы. 6. Жерорта теңізі аралығындағы Ге-лиостың (Күн Құдайы) қолдан жасалған мүсіні. 7. Александрия маягі.
Бесінші ғасырдан бері танылған 7 керемет: 1. Рим колизейі. 2. Александрияда жер астында жол пішінде қазылған мазарлар. 3. Қытайдың ұлы қорғаны. 4. Англиядағы алып тас қор-ған. 5. Италиядағы Пиза қи-сық мұнарасы. 6. Қытайдың Нанжин қаласындағы фарфор мұнара. 7. Ыстамбұлдағы әулие София ғибадатханасы.
Жеті континент. Олар: Африка, Антарктида, Австралия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка.
Гептатлондағы (жетісайыс) спорттың жеті түрі. Олар: тосқауылдармен 100 метрге жүгіру, биіктікке секіру, 200 метрге ату, ұзындыққа секіру, 800 метрге найза лақтыру.
«Жеті саны – бақытты сан, ол - адамзаттың сүйікті саны». Көп халықтың түсінігі осындай.
Автор: Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН
"Инфо-Цес" газеті
Құдық ішіндегі құдірет
3 August 2010
Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жерде жергілікті халық әулиелі мекен санайтын Укаша ата сахабаның зияраты және қасиетті құдығы бар. Келушілер Укаша сахабаның ұзындығы 20-25 метрдей ұзын қабірінің басына дұға жасаған соң, осы арадан 700-800 метрдей қашықтықта, тау басындағы құдыққа барып, тереңдігі 30 метрге дейін жететін құдыққа қауға тастайды. Ырым бойынша, әулиенің құдіретіне күмән келтірген немесе ой-пікірі теріс адамға құдық бір тамшы су бермейді. Ал ниеті таза, ықыласы күшті адамның шелегі құр қалмайды.
Аңыз бойынша Укаша сахаба Мұхаммед пайғамбардың жақын серігі, күзетшісі болған екен. Пайғамбарымыздың ерекше белгісі – жауырынының астындағы мөрді сүйгендіктен, Укашаның денесі атса оқ, шапса қылыш өтпейтін қасиетке ие болған. Дұшпандары Укашаның таң алдында бүкіл денесі балбырап, Аллаға жалбарынатынын естіп, сол сәтін аңдып келіп, басын қылышпен шапқан деседі. Бірақ кесілген бас дұшпандардан домалап қаша жөнелген, сол кезде тау үстіне көктен жасын түсіп, құдық пайда болған, сол құдыққа Укаша атаның басы түсіп, ғайып болыпты. Әлгі құдық жерасты жолдарымен сонау Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады дейді айтушылар. Өйткені сахабаның басы сол зәмзәм бұлағынан шығып, өзге жолдастары пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерлепті. Бұл Укашаның «Иә, Алла, менің басым пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген арман-тілегінің орындалғаны болса керек. «Осы хикаяға өз басым имандай сенемін», – дейді бүгінде мемлекет қамқорлығына алынған Укаша ата құдығының қорықшысы Байзақ Кенбаев.
Құдық – «шаңырақ», үңгір – «киіз үй»
«Өткен жазда құдық басында түрлі түсініксіз оқиғалар көбейіп кетті. Ал шілде айының ортасында екі күн бойы құдықтан бір тамшы су шықпай қойды. Менің көз алдымда құдыққа салған 70-80 шелек үзіліп, қалып қойған еді. Судың көзі бітелді ме деп қорықтық», – деп еске алады Байзақ.
– Құдықтың тар аузынан әрең сыйып, әрі өткен соң құдық сәл кеңейеді екен, – дейді салмағы 110 келілік алып Байзақ. – Бойымды түсініксіз үрей биледі. «Иә, Алла, қасиетті құдықты тазартудан басқа мақсатым жоқ. Лайық болмасам, кешіре гөр!» – деп шын жалбарындым. Бір қызығы, құдық тік емес, бұрандалы, спираль тәрізді тереңдей берді. Осылай 15 метрдей түскен соң кенеттен кең үңгірге тап болдық. Биіктігі 12 метрдей, диаметрі 15 метр шамасы болып келетін үңгір қазақы киіз үйден аумайды екен!».
Бір қызығы, жігіттер «шаңырақтан» резеңке етік киіп түскенімен, үңгірдің түбі құп-құрғақ. Сөйтсе, түпсіз терең үңгірдің бір шетінде сылдырап бұлақ ағып жатыр дейді.
– Біз құдық түбінен шашылған шелек көреміз ғой деп күткенбіз. Алайда үңгір тап-таза, ал бүкіл шелек су үстінде, текшелеп жинаулы тұр, – деп таң қалады әңгімешіміз. – Тағы бір түсініксіз жайт, бүкіл шелектің ағыстың бастауында тұрғаны болды.
Үңгірде де гүл өседі
Физиканың бүкіл заңдылығына қайшы келетін бұл көрініс онсыз да үрей билеген құдықшы жігіттерді тәубасына түсіріпті. Құдайдың қаһарына ұшырамас үшін келген шаруасына тезірек кіріскен жігіттер кешкі 4-ке дейін дамылсыз жұмыс істеп, 600-ге жуық шелекті сыртқа шығарған.
– Су бетінде жинаулы тұрған шелекті алған сайын астынан көтеріліп, басқа шелек шыға береді. Судан ауыр темір шелектің қалай батпайтыны белгісіз. Оларды бір-біріне кигізіп, қапшыққа салып буып, жоғарыға аттандыра бердік. Алты жігіттің төртеуі жоғары көтеріліп, шелек салынған қапшықтарды қауғалап тұрды, – дейді Байзақ.
Бір ғажабы, үңгірдің бір шетінде ошақ қылып үйілген құп-құрғақ отын болыпты. Бұл, сірә, бұрын түскендерден қалса керек. Жігіттер жылыну әрі жарық қылу үшін от тұтатқанда, түтін сәл көтеріліп, сосын су бетімен, ағыс бойымен құбылаға қарай әлдеқайда жоғала беріпті. «Үңгірдің ауасы тарылғанын, түтіндегенін байқамадық», – дейді жігіттер.
Құдықтың ішіндегі су шымырлап қана ағып, шынында да, құбылаға қарай беттейді екен. Сол судан құдықтың бір қабырғасын түгел ала жоғары қарай 10 метрдей өрлеп аппақ маржантас гүлдер өсіпті. «Өзімізбен бірге ала түскен шахтер қолшамын судың арғы бетіне түсіргенде, көзімізге түскен көркем көріністен ішімізді тарттық», – дейді Байзақ. Бұл теңіз түбінде болатын маржан ба, сан түрлі, нәзік өрнекті ғажап құбылыс екен.
Қауғаның құр қайтуының сыры ашылды
Құдықшы жігіттер шелектен басқа бір дорба тиын алып шыққан. «Олардың арасында кеңес кезіндегі шақалардан бастап, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей т.б. елдердің тиындары, сақина-жүзік, таспих, асатаяқ т.б. нәрселер бар», – дейді Байзақ.
– Менің алдымда болған шырақшылардың айтуынша, бір адам құдыққа түсіп, ақша алмақшы болғанда, ішінде қаза табады. Сол кезде Кентау қаласынан құтқарушылар тобы келіп, арнайы аквалангын киген сүңгуір суға түсіпті. Үңгірдің түбінде өліп жатқан жігітті қапелімде көрмей, суға түскен әлгі сүңгуір 30 метрдей тереңдікке сүңгісе де түбіне жете алмапты. «Бұл судың түбі жоқ екен» депті су асты қысымға шыдай алмай кері қайтқан әлгі құтқарушы.
Құдықшы жігіттер киіз үйге ұқсас үңгірдің ішін шаммен шарлап көрген. «Біз құдықтан тарап жатқан үш үңгірді көрдік, екеуі арғы бетінен дәу таспен бекітулі тұр екен. Ал үшінші үңгір 4-5 метр бұралаңдап жүрген соң тарылып, адам сыймастай болып қалды»,– дейді әңгімешіміз Байзақ.
Осы құдыққа қауға салған кейбір адамға су шықпай, шелек құр қайтуының сырын да жігіттер зерттеп көрген екен. «Жоғарыдан тасталған шелек құдықтың бұрама жерінен өткенде шыркөбелек айналып келеді де, жердегі көк тасқа соғылады. Тас пен бұлақтың екі арасында тереңдігі 60-70 метрдей қазандық бар. Қасиетті құдықтың суы бұйырмаған адамның тастаған шелегі сол «қазанға» түсіп, бос қайтады екен. Ал ниеті дұрыс, жүрегі таза адамның шелегі құдықтың екі жағындағы жырамен жылжып барып, бұлаққа жетеді екен», – дейді Байзақ сеніммен.
Автор: Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
http://www.alashainasy.kz/




